Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі дегеніміз не?
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) – бұл денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі. МӘМС Қазақстанның барлық сақтандырылған азаматтарына жынысына, жасына, әлеуметтік мәртебесіне, тұрғылықты жеріне, табысына қарамастан, тең дәрежедегі медициналық және дәрілік көмекті қамтамасыз етеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру – бұл тұрғындарды ауру, жарақат, жүктілік, бала туу, мүгедектік, кәрілік жағдайындағы әлеуметтік қорғау үлгісі. Көптеген дамыған елдер тұрмысы төмен, көмекке мұқтаж адамдарға ресурстарды қайта бөлуге мүмкіндік беретін МӘМС жүйесін таңдаған.
БІРЫҢҒАЙ ЖИЫНТЫҚ ТӨЛЕМ НЕСІМЕН ТИІМДІ?
Қазіргі уақытта елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 1 миллионға жуық адам бар. Олар сақтандыру жүйесіне қалай қосылады? Олар үшін МӘМС жүйесіне қосылудың екі жолы бар. Біріншісі – «өз бетінше» төлеуші ретінде. Жарна бір ең төменгі жалақының 5 пайызын құрайды. Ал ең төменгі жалақы бізде – 42 500 теңге. Жеке тұлға сол соманың 5 пайызын, яғни – 2 125 теңге төлейді.
Екіншісі – бірыңғай жиынтық төлем. Бұл елімізде 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілген салық түрі болатын. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) жасай алады. Ең төменгі аударымдар үшін (0,5 – 1 АЕК) азамат бірден үш әлеуметтік жүйенің қатысушысы болады: зейнетақы (жұмыс өтілі есептеледі), әлеуметтік және медициналық сақтандыру. 2020 жылы кемінде үш ай қатарынан БЖТ төлеу медициналық қызметтердің сақтандыру пакетін алуға мүмкіндік береді. БЖТ – республикалық маңызы бар қалалар үшін 1 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) немесе 2 651 теңге. Ауылдық жерлер үшін 0,5 АЕК немесе 1 325 теңге.
Жалпы, бұл баршаға міндетті жүйе. Сондықтан, жарнаны төлеуге тиіспіз. Ал, биыл еш мүмкіндігі болмаған азаматтар, жарнаны кез келген уақытта төлеп, сақтандыру жүйесіне қатыса алады. Бірақ, ол өткен 12 айдың қарызын толығымен төлеуі тиіс. Өтелетін қарыз мерзімі 12 айдан аспайды. Яғни, 2-3 жыл төлемеген адам тек бір жылдың қарызын өтеп, жүйеге қосыла алады.
Жансерік Есимов, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиал директорының орынбасары
Возврат к списку